Қазақ тілінің информациялық технологиялар саласындағы жағдайы.

Авторы: Әсем Аймаганова

Ғылыми жетекшісі: Ж. Аламуратов

Қазақ-Британ Техникалық университеті

Қазақ халқының бүгінгі күнге дейінгі басынан өткерген тар жол – тайғақ кешулері көп. Бұл қазақтардың санасының өзгеруіне, әсіресе қазақ тілінің бүгінгі қолданыс аясының тарылуына алып келді. Себебі, тіл тарихы – ұлт тарихымен тығыз байланысты. “ Өссе тілім, менде бірге өсемін, өшсе тілім менде бірге өшемін” демекші, қандай да бір халықтың тілі жасаса , онда ұлт та жасайды. Ал егер тіл жұтыла бастаса, мұны мемлекеттің әлсіреуінен деп түсінуіміз керек.  Қазақтарда “Мың өліп, мың тірілген ” деген сөз бар. Қазақ халқының тағдыры жайында бұдан артық жеткізу мүмкін емес. Екі жүз жылға жуық патшалық биліктің қол астында болса, кейін жоңғар шапқыншылығында әр бес қазақтың үшеуі  көз жұмғаны белгілі.  Кеңес кезінде де қылышынан қан тамған саясаттың салдарынан , мәселен, қолдан жасалған аштықтан халықтың басым бөлігі қырылды. Одан кейінгі “халық жауы” деген жалған жаламен Алаштың бетке ұстар біртуар азаматтарын қырып-жою кезеңі, содан соңғы фашистік Германиямен болған Ұлы Отан соғысы, соның артынша-ақ басталған тың игеру және т.б. тарихи оқиғалар қазақ халқының демографиясына айтарлықтай ауыр сызат түсірді. Сонда да халықтың асқақ рухы төмендеген жоқ. Басқа түскен ауыртпалықты мойымай көтеріп, өзіміздің ата-бабамыз салып кеткен сара жолдан: дархандықтан, биік адамгершілік қалыптан, ыстық ықылас пен ақ пейілден адаспадық. Біз қайта түлеген ел, рухы биік мемлекет құраушы ұлт ретінде мәңгі жасаймыз деп сенемін. Бірақ, әрине бұл жолда мемлекет тарапынан бірнеше істерді жүзеге асыруымыз керек. Ең бастысы, тіл саласын дамытудағы ең бірінші кезекте жүзеге асырылуы керек мәселелердің бірі ІТ-технологияларын пайдалануда қазақ тілінің қолданылуын дұрыс арнаға салу болып табылады. Ақпараттық қоғам құрмақшы боп бөрігімізді көкке лақтырып жатырмыз, бірақ сол қоғамның мемлекеттік тілі деп танылған қазақ тілінде ақпаратты алу немесе енгізу кей кездері инемен құдық қазғандай қиын болып  кетерін қайтесіз. Мәселен, осы мақаланы жазудың өзінде маған бірталай кедергілер кездесті, әсіресе  бір жерде жазғанымды екінші компьютерде аша алмай немесе қазақ әріптерінің орнына қайдағы бір ироглифтер шығып ашуымды келтірді. Сонымен қатар, Интернеттен қажетті қосымша мәліметтер алмақ болсаң, шрифт мәселесі тығырыққа тірейді. Жағдай осылай бола берсе, онсыз да өз елінде жетім баланың күйін кешіп отырған қазақ тілінің жағдайы одан төмен құлдырай берері сөзсіз..

Қазақстан Президенті тарапынан ұсынылған жаңа доктрина бойынша, мемлекеттік тіл Қазақстан халықтарының  қолданыс тіліне айналуы тиіс. Яғни, қазақ тілі тек қазақтар үшін емес, еліміздің бүкіл азаматтарының ортақ тілі болуы керек. Тілдік кедергіні жою арқылы біз тұрақтылыққа, халықтар достығына, өркениет пен дамуға ие боламыз. Қазақ тілін жалпы қолданысқа енгізудегі  алғышарты – барша мемлекеттік іс қағаздарды мемлекеттік тілде ғана жүргізу қаулысының қабылдануы болып еді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру мәселесінің еліміздің көпшілік аймақтарыңда жүзеге аспағаны туралы  кездейсоқ айтпағаны анық.  Бұның ең басты себебі – іс-қағаздарын жазуда, жеткізуде қолданылатын технологиялардағы (компьютер, Интернет, факс т.с.с) қазақ тілінің шектелуінде.

Шынын айтсақ, “тілдік ортамыздың” қазіргі жағдайы сын көтермейді. Қазақтардың бірнеше буыны туған тілін білмей өсті. Қалаларымыздың қайсысын алмасақ та, қазақ тілінде оқып жүрген балаларымыз мектептен тыс уақытта  орысша сөйлейді. Қазақ мектептері жайында айтар болсақ, олардың 86 пайызы ауылдарда орналасқан, осының 50 пайыздан астамы  шағын мектептер. Оқушылар мемлекетіміздің болашақ белді тұлғалары. Білікті маман иесі болу үшін олар жаңа технологияларды жақсы меңгерулері керек. Ал барша ақпарат алмасуға арналған технологиялар қазақ тілінен басқа тілдерде сайрап тұрса не істейміз?

Сөйте тұра, қазақ мектебін бітіріп, қалаға келген жастарымызға «неге қазақша сөйлемейсің, неге қазақ тілін құрметтемейсің» деп кінә таға бастаймыз. Сонда олардың жаңа технологиялармен жұмыс жасау үшін еріксіз орыс тілін тез арада үйреніп алғанын білмегендей боламыз. Үлкенді сыйлап, тілді құрметтеп үйренген жастарымызға рахмет, үндемей құтылады. Әйтпесе, «нан тауып бере алмайтын сенің қазақ тілін кімге керек» десе не істейміз? Ақпараттық технологиялардағы қазақ тілінің мәселесі шешілмейінше тілге деген құрмет жай сөз болып қала ма деп қорқамын. Сонда ұлтына, тіліне, дініне деген құрметі жоқ ұрпақтан мемлекетке не қайыр болмақ?!  Мемлекет басшысының соңғы жартыжылдықта мемлекеттік тіл мәселесін ең жоғары деңгейде үш дүркін көтеруі, мәселенің қаншалықты маңызды екендігін айқын көрсетеді. Дегенмен, кез келген қиындықтан шығар жол болады.  ОЛ-ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ!

Латын қарпіне көшу мәселесі аз айтылып та, аз талданып та жүрген жоқ! Кириллицадан латын хәріпіне өту – төл тіліміздің дәрежесін тағы бір асқақтату болмақ. Қазақстан Халықтары ассамблеясындағы Елбасының “латын әліпбиіне өтуіміз қажет” деген ойын қазақ тілінің  жанашырлары  осылай сабақтайды.

Латын қарпіне көшу бізге рухани да, экономикалық та пайда әкелері сөзсіз! Мен әңгімемді бекерден бекер сонау тарихымызды қозғаудан бастаған жоқпын! Бірнеше ғасыр бойы өзге мемлекеттің бодандығында болған қазақ халқында бүгінгі күні де құлдық психологияның қалғаны жасырын емес! Көптеген қазақ сөздерінің түпкі орфографиясының өзгеріліп жазылуы да осының бір белгісі! Айгүлді Айгуль, Медеуді Медэуо, Ақтөбені Актобе деп өзгертіп айту үрдісі қазақ тілін орыс қарпіне баламалаудан пайда болды. Әйтпесе, оған дейін қазақтар Александрды Ескендір, Москваны Мәскеу деп өз тіліне айналдырып, есесіне тілдік ерекшелігін сақтап айтатын еді. Кирилицадан латиницаға көшу – осы үрдісті қайта жаңғырту болары сөзсіз. Себебі, әліпбиіміздің төрінен табылған орыс әріптері латын әріптерімен алмастырылса, қазақ әліпбиінде 42 әріп емес, 26-ақ әріп қалып, жіңішкелік белгісі, жуандық белгісі, құйрықты Ш дыбыстары тағы басқалары түсіп қалмақ. Бір жағынан латын қарпіне көшу  тілімізді қайта жаңғыртуға септігін тигізсе, екіншіден, жаңа заманға сай болуымызға  жетелейді. Дәлірек айтсақ, елімізді еуропа елдеріне тағы бір қадам жақындастыра түсіп, заманауи технологияны пайдалануға жеңілдік береді.

Кеңес Одағы ыдырай салысымен түркі тілдес мемлекеттердің көпшілігі латын қәріпіне көшкені баршамызға аян. Қазір тек Қырғыз Республикасы ғана біздің елге қарайлап отыр. Өз тілдеріне көшуді жөн санаған Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан сынды елдер латын қарпін таңдады. Латын әріпіне көшсек, бірден бүкіл түркі тілдес  халықтар бірін-бірі түсініп кетеді деу қиын және оқулықтарды қайта жазу, ұстаз мамандарды қайта даярлау сияхты мәселелердің  туындайтыны да  анық. Десекте, латын әліпбиіне көшу Қазақстан үшін аса үлкен қиындықтарды тудырмайды. Себебі, біздің елде еуропалық тілдер мен түрік тілі  ертеден кешенді оқытылып келеді. Сонымен қатар, Ғылым Академиясы, Қазақ Ұлттық Университеті сынды қара шаңырақтарда латын тілін зерттеп жүрген ғалымдарымыз да баршылық . Қазақ халқының ағартушысы Ахмет Байтұрсынов латын хәріпіне көшу мәселесін сонау 20- ғасырдың басында-ақ қолға алған болатын. Бұл мәселенің Тәуелсіздігіміздің 15 жылдығы қарсаңында қайта жаңғыруы, ең алдымен қоғамымыздың өзекті мәселесі болып отырған төл тілімізді жаңғыртуға септігін тигізсе, екіншіден Кеңес дәуірінің сарқыншағынан біржола айрылып, қазақтануға жол ашпақ. Соңында осы бағытта айтарлықтай табыстарға жетіп, мемлекет тарапынан қаржыландыруды қажет етпейтін, керісінше, бюджетке тұрақты салық төлейтін сала пайда болады деп күтілуде.

Герольд Бельгер өзінің баспасөз беттерінде жариялаған мақалаларының бірінде әзіл шыны аралас: “Мен қазақтардың латын әліпбиіне өтер нақты уақытын білемін… Ресейден соң…” деген болатын. Ал шын мәнінде, латын қарпіне көшу дегеннен гөрі, латын графикасына қайта оралу деген жөн. Бір уақыттарда латын әліпбиі жөніндегі ұсыныс түркі халықтарының ішінен ең бірінші қазақ зиялылары арасында туындаған-тын. Шығыстанушы, араб тілінің маманы Нәзір Төреқұлов кирилл әліпбиінен латынға көшудің болашақта тиімді екендігін дәлелдеген. Сол көзқарастар мен ғылыми пікірталастардың нәтижесінде орта азиялық мемлекеттер ортақ шешім қабылдап, латын әліпбиіне ауысқан еді. Осыдан кейін Орталық Азиядағы бауырлас елдерден тысқары қалмау үшін   Ататүрік бұл шешімді қолдап, өз елін латын әліпбиіне шұғыл көшірген болатын. Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі жөнінде кеңірдек жыртып дәлелдеудің қажеті шамалы, өйткені ешқандай технологиялық немесе ғылыми кедергілердің жоқ екендігі сіз бен бізге жақсы мәлім. Мектептердің өзінде ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқытады, олар да латын графикасын жақсы біледі. Ал «өткен тарихымыздан қол үзіп қаламыз» деп қорқудың орны жоқ! Себебі бұрынғы басылған кітаптар қазірдің өзінде қайта басылып жатыр, оларды латын қарпінде қайта  бассақ ше? Тіпті ол үшін бас қатырып қыруар қаржы жұмсаудың қажеті де шамалы. Себебі, бүгінгі жаңа техникалар кез келген  үлкен көлемді баспа өнімін  басқа қаріпке лезде ауыстырып бере алады. Керісінше, біз кириллицада қала берсек, тарихымыздан қол үзіп қалуымыз мүмкін! Болашақта технологиялар дамыған үстіне дами беретіні айдан анық. Технология тілі – латын қарпінде. Заманның талабын дер кезінде тани алмасақ, қолданыс аясы тарылған тілді  ешкім елеп жатпас. Латын әліпбиіне көшудің ешқандай қиындығы жоқ, дегенмен дайындық жұмыстары жүргізілген жөн. Президенттің тапсырмасына сәйкес арнайы ғылыми ұйымдар мен мамандар жарты жылдай  осы мәселені мұқият зерттеп, тексеріп, ұсыныстар енгізулері тиіс. Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбектің пікірінше латын қарпіне көшу кезеңінде қос әліпбидің қатар қолданылуы да мүмкін. Олай болса, бұл үдеріс біраз жылға созылады. Мысалы, Өзбекстанда аталған мерзім он жылдан астам уақытқа созылса, Түркіменстан мен Әзірбайжанда он жыл көлемінде жүзеге асты. Отандық мамандардың пайымдауынша, латын хәріпіне көсілгенше Қазақстанға да 10 жылдай уақыт қажет екен, мүмкін көрші Өзбекстан, Түркіменстан елдерінің іс -тәжірибесін зерттей келе, бұл мерзімді қысқартуға да болар.

Мемлекет басшысы “….бүгінде  біз ұлттық идея туралы көп пікір білдірудеміз. Меніңше, басты ұлттық идея ұлттың бәсекеге қабілеттілігінде болып отыр…” деп тұжырымды ой айтты.  Кез келген мемлекеттің ұлт саясатының өзегі тіл саясаты деуге болады. Себебі, ұлттық рухтың көрінісі мен өлшеушісі тіл екендігіне ешкім күмән келтіре алмайды. Мемлекеттік тіл – бұл баға жетпес құндылық, Отан түсінігінің синонимі. Туған тілді білу арқылы өз Отанымызға патриоттық көзқарас, отандастарымызға құрмет, туысқандық сезімдері қалыптасады. Ендеше, осы сезімді бойға дарытып, мемлекет ішінде патриоттық сезім қалыптастыруда дұрыс жолды таңдап, тиімді техника-экомикалық жағдайын қарастырайық.

Мен мақаламды бірден ноутбукпен жазбақ едім, бірақ онда қазақ әріптері түгілі, кириллицаның  33 әріпі жоқ. Әріптерді баспаға жапсыруға болады, ал сандарды басу үшін қайта-қайта бір тілден екіншіге ауысып отыру керек. Оған шыдамның да шыдамы керек. Бұл мәселенің бер жағы ғана. Ал қазақша іс жүргізу дегеніміз–  бүкіл Microsoft Office және онымен тіл табысатын бағдарламалардың қазақша кирилл әріптерімен жұмыс істеуі !!! Өкінішке орай, бұл мәселемен тікелей айналысатын Қазақстандағы Microsoft  фирманың өкілеттігі керсінше саясат жүргізіп жатыр, әдейі адасу жолына салып отыр. Соңғы кездері Қазақстандағы орындаушы директорлары тым жиі ауысатын болды. Тіпті Айдар Даулетовтан кейін орындаушы директорларын сырттан әкелетін болды. Ал осының бәрін қадағалайтын Информатика және Байланыс Агенттігі назар аударар емес. Менің ойымша, олар да шамасы жоқтығынан қашан латын әлліппесіне көшкенімізше деп жеңіл-желпі қозғалыс жасайтын шығар, есесіне бүкіл IT (ай-ти) технологияларға, электрондық үкіметке бөлініп жатқан қаражат орыс тілін күшейтіп, мемлекеттік тілді тірідей  өз  жерінде  жерге көміп жатыр. Міне, бүгінгі жағдайды ескерсек, онда біз тәуелсіздікті алмай тұрып, латын әліппесіне көшкеніміз дұрыс еді. Бізді енді бір-екі жылда не күтіп тұр екен? Соған көз жіберсек:

  • SMS мәліметтер орыс тілінде латын әріптерімен басылып жатыр және оның конверторы серверлерде орнатылып қойған. Ұялы телефондардың менюларының неге қазақшасы жоқ екендігін есепке алмай- ақ, осы SMS мәліметтер неге мемлекеттік тілде жіберілмейді? SMS мәліметтер экономика саласына жедел кіріп жатыр ғой. Бұл неге бізді алаңдатпайды?
  • Бүкіл сауда мекемелерінде штрих код деген пайда болып жатыр, бүгін ол штрихымыз матрицаға айналып барады, оған ешкім назар аударар емес. Ал бұл деген деректер банкісі!!!
  • Қазақстан транзиттік мемлекетке айналуда, сондықтан үш тілді қуамыз деп шығынға батып, тіпті күлкілі жағдайға қаламыз, егер латын әліппесіне көшсек, жолдағы жазбалар, қала, аудан, ауыл аттары, көлікке  т.б. байланысты жазулар тек мемлекеттік тілде жазылар еді. Пайдадан басқа ештеңе емес!
  • Жаңа технологиялар ол бизнес, ал бизнес дегеніміз ол жаңа технологиялар. Бұрынғыдай, «ойбай, ол техногиялар Қазақстанға жеткенше қашан» деп қол жайып отыруға болмайды. Ертең- ақ кез келген технология Қазақстанға шауып келеді, солардың бірі ол GPS (global position system) Кез келген адам бүгін Интернетке шығып өз үйін, қаласың, кез келген өзіне керек орыңды ғарыш арқылы көре алады және қажет объектінің координаттарын, қалалардың қашықтығына дейін хабарлар ала алады. Еуропадан әкелінетін көліктерде GPS машинаның құралы боп саналады. Бұл қондырғыны пайдалану үшін латын әліппесін білу қажет екені сөзсіз!
  • Латын әліппесіне көшу қаулы шығара салу емес, біз қандай істер жасауымыз керектігін жақсылап ойлауымыз қажет. Неден бастаймыз,  уақыт күттірмейтіні қайсы?! Ең бірінші қатарда жедел түрде код парағын алу, оны Қазақстандағы әрбір компутерге кіргізу тұруы керек!! Орфографиялық көмекшілерді де жүйеге кіргізу, тағысын тағы!

Латын әліпбиіне көшуде  ең бірінші, қазақ тіліне  лайықты және компутерлерге  жеңіл енгізілетін әліпби таңдауымыз керек. Басты талабы, әліппе тек 26 латын әріптерінен тұруы керек. Қазақ тілі спецификасын көп жылдар бойы зерттей келе, біз ABCnet деп атаған әліппе құрастырдық. Әліппені кезінде премьер министрдің орынбасары болып тұрған Иманғали Тасмағанбетов мырза қолдаған, Білім және Ғылым министрлігі қорытынды құжаттар да берген. Бұған қоса 1995 жылдан бері түсірілген бейне материалдар бар. Әліппе  www.abcnet.kz, www.astana.tv  сайттарында орналасқан. Сайттан сіз осы ғылыми-зерттеу жобасының барлық материалдарымен танысуыңызға болады.

Qosymsha fayldar

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *