Штирлиц және Интернет- екеуi де керемет!
Егер Штирлицтiң кезiнде Интернет болса, онда оның тыңшылық жұмысы керемет алға басушы едi. Себебi тыншылықтың басты қиыншылығы – мәлiметтi жеткiзу. Бертiн уақытта дейiн, мысалы, 70 – 80- жылдардағы “ТАСС уполномочен заявить” фильмiнде көрсеткендей, мәлiметтi жiберу үшiн әлi радиоэфирмен қолданып келдi. Уақыт бiр орнында тұрмайды, кеше ғана СССР одағы тарап, бүгiн мiне Тәуелсiздiгiмiздiң 11-жылдығын тойладық. Тәуелсiз мемлекет болған соң, тәуелсiздiгiмiзге шаттанып, тойлауды ғана мақсат етпей, оны қайта қалай қорғау, дамыту жолдарын ескеруiмiз қажет. Бұл Президентiмiздiң ең басты сөздерi. Қазiргi ақпараттық технология заманында мемлекеттiң құпия мәлiметiн бiлiп қалған адамға оны қажеттi органдарға жеткiзу өте оңай, ал, керiсiнше, мәлiметтi қалай жеткiзгенiн қадағалау өте қиын. Ұялы телефонның немесе жай телефонның қолданатын дәрежелерiне қарағанда, бүгiнгi Интернеттiң дамыған технологиялық аспаптарымен кез келген материалды, тiптi бейнефильмдердi кез келген жерге жiберуге болады. Сондықтан Қарулы күштерде бұл мәселеге аса назар аударғаны жөн. Қазақстан жас мемлекет, бiрiншi қадамдарын ендi ғана басуда, әлi құпия жағы да аз болар. Оның орнына, бiзге керек ақпарат тапшылық, Қазақстан қай саладан болмасын, ақпаратты жан-жақты жинап үлгерген жоқ. Қазақстандықтар үшiн Интернет ақпараттың бiрден бiр көзi болып отыр. Сондықтан Интернетке еш кедергi жасаудың қажетi жоқ, оны барынша, терең қолдануымыз керек. Дегенмен Интернеттiң қауiптi жағында естен шығармауымыз керек. Интернеттегi ең үлкен мәселе, Интернеттегi материалдарды бақылау мәселесi. Көптеген сайттардан көретiнiмiз- жалаңаш қыз-келiншектер, зорлық-зомбылық материалдары, т.б. оқырманның санасына керi әсер ететiн ақпарат. Бұл мәселемен күресуге әзiрше бiздiң күшiмiз жетпейдi, оның үстiне Қазақстанда бүгiнге дейiн Интернет саласында еш қандай заң қабылданбаған. Бiздiң бiлуiмiзше, тек Америкада ғана, 1996 жылы Билл Клинтон CDA (Communications Decency Act) Мәдениеттi қарым-қатынас байланысын сақтау заңына қол қойған. Бұл заң, әрине, АҚШ-та ғана орындалуы мүмкiн, басқа мемлекеттер үшiн, осындай заңды қолдану үшiн, бiр ұйым қажет. Әрi бұл ұйым халықаралық болуы тиiс. Себебi Интернет желiсi бүкiл мемлекеттерге ортақ, Интернет желiсiнде шекара болуы мүмкiн емес. Сондықтан барлық мемлекеттерге ортақ бiр заң болуы қажет. Ендi бұл жөнiнде әскери күштерге келейiк. Интернет әскери күштерге қандай қызмет жасайды екен? Қарулы-күштерiнiң Әскери Академиясының ғылыми қызметкерi болғандықтан, мен әңгiменi өзiмiздiң академиядан бастаймын. Бiздiң Әскери академия Президентiмiздiң шешiмi бойынша Алматы қаласынан Көкшетаудың көк төрiне, Шортан қаласына көшiрiлдi. Шортан қаласы шағын және Алматы, Астана қалаларынан алыс орналасқан. Ал қарым-қатынас тығыз болу үшiн, әсiресе ғалымдармен, ғылым қызметкерлерiмен байланысты үзбеу үшiн, Интернет өте қажет. Бұл мәселеге, бiздiң жаңа бастығымыз полковник Едiл Лұқпанұлы Оразов мырза аса көңiл аударуының арқасында Интернетте академиямыздың www.milacademy.kz сайтын ашып отырмыз. Бұл сайтта бiз академияның жаңалықтарын, оқу, бiлiм беру саласын, академияның өмiрiнен хабарлар және т.с.с. материалдарды орналастырмақшымыз. Сайттың жұмысы структурлық схемада көрсетiлген. Сайттың www.milacademy.kz , milacademy деп аталуы- ағылшынша military academy- әскери академия деген сөздiң қысқартылған түрi.
Бұл сайтқа кез-келген жерден Интернетке кiрiп көруге болады. Әсiресе, бұл сайт бiздiң сырттан оқитын тыңдаушыларымызға өте пайдалы және бұл сайт арқылы бiз қарулы күштерге интелектуалды көмек бере аламыз. Мысалы, әскери бөлiмге күрделi қондырғылар келдi дейiк, бiрақ қондырғаларды қолдану туралы инструкциясы болмаса, не ағылшын тiлiнде болса, Академиямызда жұмыс атқарып жатқан ғылыми – зерттеу бөлiмi және лингвистикалық орталықтың қызметкерлерi көмек көрсете алады. Қажет болса инструкцияны қазақ тiлiне аударып, Интернет арқылы жеткiземiз.
Екiншi мысал, бұл сайтқа “Қазақстан Сарбазы” үнқағазын орналастырайық. Бүгiн не қымбат, жанар-жағармай қымбат, оны ескерсек газеттiң құны өзiндей емес, оны оқырмандарға жеткiзуiнде. Егер газеттi Интернеттен алсақ, оған 1 минутта жетiп жатыр. Сонда үнқағаздың құны әлдеқайда арзанға түсетiнi сөзсiз. Бүгiнгi күнi компьютер әрбiр әскери бөлiмде бар деуге болады. Командирде болмаса да, бухгалтериясында компьютер бар. Оған модем ғана орнатсақ болды. Оның құны 3-5 мың теңгенiң арасында. Интерент арқылы “Қазақстан сарбазын” ғана емес, басқа да құжаттарды жiберуге болады. Электрондық пошта Интернетте ең тиiмдi екенiн ескерсек, кез-келген нүктеден ақпарат алмасу мүлдем тегiн деуге болады. Сайттың жұмыс iстеп кететiнiне күмән келтiре алмаймын, ең қиыны – қазақ тiлiндегi мәлiметтердi орналастыру, тiптi осы мақаламды қазақша басуым да қиынға түстi. Қазақ тiлiне Қорғаныс министiрлiгiмiздi көшiру мiндет емес, бұл кәдiмгi мемлекеттiң қауiпсiздiк жобасы. Бұл мәселе бойынша, 12-желтоқсанда кешкi “Хабар” жаңалықтарында Қорғаныс министiрлiгiмiз сынға түстi. Сында ҚМ-гiнiң құжаттарының 2-ақ пайызы мемлекеттiк тiлде жүредi делiндi. Бұндай сындар орынды да шығар, бiрақ компьютердi қазақ тiлiне бұрмайынша, яғни қазақша сөйлетпейiнше, құжаттарды мемлекеттiк тiлiге көшiруге кеткен уақыт бос кеткен уақытпен тең. Себебi, бiрiншiден бiз жақын уақыт iшiнде латын әлiппесiне көшуiмiз қажет. Сонда ғана бiз, құжаттарды орысшадан қазақшаға аудармастан, бiрден мемлекеттiк тiлде жаза аламыз. Сонда ғана, компьютерлiк бағдарламалар, Интернет жүйесi мемлекеттiк тiлдi түсiнiп, құшағын ашады.
Қазақтың ”Әлiн бiлмеген- әлек”мақалын ескермесек, ертең
өзiмiз түгiлi, Штирлицтiң де мемлекеттiк тiлдi үйренуiнен жүрегi айниды. Қазақ тiлiнiң компьютерде қажеттi деңгейде орын алмауы баспа жүйесiнде де үлкен қиындықтар туғызып отыр. Жақын арада бiз баспа-редакциялық жұмысын iске асырайық деп жатырмыз, редакция жұмысын өркендету үшiн көп материалдарды Интернеттен алмақшымыз. Әскери материалдарды жалғыз Ресей баспаларынан ғана емес, NATO және Пентагонның сайттарынан алуға болады. Интернет арқылы алынатын материалдардың құндылығына бiз шек келтiре алмаймыз, бiрақ ұлттық сана-сезiмiмiздi оятатын, ұлттық дамуымызды көрсететiн материалдардың да болуын естен шығармауымыз қажет. Ұлттың ұлт боп қалыптасуына, ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие ешқашан өз орнын жоғалтқан емес. Осы айтылғандарды ескермесек, онда бiздiң Ұлттық әскери сана денгейiмiздiң уақыт талабына сай екенiн айту ерте ме деп ойлаймын.
24.12.2002ж.
Әскери Академияның, жаңа технологияларды зерттеу бөлiмiнiң ғылым қызметкерi.
Аймаганов Жанат Насырұлы